Нар тұлға
МЕРЕЙ
Алғашқы таныстық
Дене бітімі құрыштан құйылғандай, жанары жалт-жұлт етіп нұр шашып тұрған, қимылы шалт, жүріс-тұрысы өте ширақ бұл жігітті мен аттай қырық жыл бұрын қырғыз елінің інжу-маржаны — Ыстықкөл жағасында көрген едім. Сонда, «Қазақстан» атты шипажайда, кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар демалып жаттық. Әлбетте, көпшілігі — алматылықтар. Жөн сұрасып, шүйіркелесіп бірден танысып кеттік. «Базарда мың кісі бар, сүйгеніңе ғана сәлем бересің» деген. Сырт көз — сыншы. Әлгі жігіттің кісілігі мен кішілігі бірден өзіне баурап алды. Бойына ойы сай, келбетіне кемелдігі үйлескен азамат екен. Ол сол кездегі Алматы жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы полковник Ким Серікбаев еді.
Демалыс мерзімі аяқталып, әрқайсысымыз өзіміздің тұрақ мекенімізге оралып, өмір- өзен жалғасып жатты. Ким Серікбайұлының лауазымды қызметтер атқарып, елеулі еңбегімен ел аузына ілігіп жүргенін құлағымыз талай шалды. «Асқар таудың төбесі алыс, етегі жақын, хас жақсының өзі алыс, атағы жақын» дегендей, бірге жүріп, бірге тұрмасақ та дүңкілдеген атақ-абыройына қаныға бердік.
Ол кешегі аумалы-төкпелі заманда — 1934 жылдың қақаған қаңтарының 14-ші жұлдызында Ақтөбе топырағында, Хромтау ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Он төрт жасында — әкеден, он бесінде шешеден айырылып, жетім қалады. Балалар үйінде, интернатта тәрбиеленеді. 1952 жылы Ақтөбедегі №6 жалғыз қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, білім қуып Алматыға келіп, заң институтына оқуға түседі. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмей, тұрмыс тауқыметін тартып, бірінші курсты аяқтаған соң, ол оқуды тастауға мәжбүр болады.
Дегенмен, «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» деген рас қой. Енді бір сәтінде, арман қуған бозбала Башқұртстанның астанасы — Уфа қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, 1956 жылы оны үздік бітіріп, тырнақалды әскери атағы —лейтенант шенін иеленіп шығады. Өз еркімен қияндағы солтүстікке — Чукоткаға аттанады. Құдай қосқан қосағы Раиса Сәрсенбайқызы Игілікова екеуі жердің түбі саналатын Магадан облысында жалғыз қазақ отбасы болады.
Взвод командирі Ким Серікбаев ұлтымның намысына кір келтірмейін деген ниетпен күн-түн демей жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Темірдей тәртібімен, біліктілігімен көзге түскен офицерді сол кезде шыныққан әскери кадрға өте зәру Прикарпатье әскери округіне — Кеңес Одағы аталатын алып империяның бір қиырынан екінші қиырына — енді Батыс Украинаға жаңа қызметке ауыстырады. Мұнда он жылға жуық жемісті жұмыс істеп, әскери қызметтің қыр-сырын толық меңгереді, взвод командирінен мотоатқыштар батальонының штаб бастығына, одан полк командирінің міндетін атқарушы дәрежесіне, аға лейтенанттан подполковник шеніне дейін жоғарылайды. Дивизияның құрамында 12 мың сарбаз бен сардарлар болады. Олардың екі мыңы сардарлар (офицерлер). Соның ішінде жалғыз қазақ — Ким Серікбаев — Қобыланды батырдың ұрпағы. Батыр болған бабасынан жер қорғауды, ару болған анасынан ар қорғауды үйренген ұлағатты ұлан еді.
Дивизия сапында
Батыр аталарының мирасқоры Ким Серікбаев қазақ халқының қаһармандық рухына дақ түсірмеу үшін жанын салып тер төкті, әрдайым алдыңғы сапта жүрді,
Мұқым дивизия мойындаған, танымал көшбасшыға айналды. Қазақ офицерінің биіктігі 1,5 метр, ені 75 сантиметр үлкен суреті даңқ алаңындағы құрмет тақтасынан он жыл бойы бір түскен жоқ.
Үлгілі сардар Ким Серікбаевтың қызмет бабымен апталап үйдің бетін, отбасы мүшелерін көрмейтін кездері болатын. Сондай жағдайларда жеті-сегіз жасар тұңғыш қызы Елена өзінен үш жас кіші сіңлісі Гүлнәраны ертіп алып, «Папаны сағындық қой, жүр, көріп келейікші» деп даңқ алаңындағы әкесінің кісі бойы үлкен суретін тамашалайды екен.
Закарпатье әскери округінде он жыл мінсіз қызмет атқарған подполковник К. Серікбаев 1970 жылы Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны сырттай оқып тәмамдап, қамал бұзатын 40 жасында әскери ғылымдар кандидаты атағын алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Талапкердің терең біліміне, мәселені зерделі зерттегеніне, нақты дәлелдермен мүлтіксіз баяндағанына разы болған комиссия мүшесі, танк әскерлерінің генерал-полковнигі профессор А.И.Радзиевский ғылыми еңбекке зор баға беріп, «бұл — жалғыз Серікбаевтың табысы емес, жауынгер қазақ халқының жетістігі» деп ағынан жарылып, шындықты бүкпесіз айтқанда Кимнің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей шаттанады.
Көп жыл бойы қажымай-талмай ізденудің арқасында 2000 жылы әскери ғылымдар докторы атағы үшін диссертация қорғайды, кейіннен профессор атағын алып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академияларының толық мүшесі болып сайланады.
Тәуелсіздіктің әскери докторинасы
Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ким Серікбайұлының таланты әр қырынан жарқырап ашылды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылымдар докторы ретінде ол тәуелсіз мемлекетіміздің әскери-докторинасын жасау бақытына ие болды. Астанамыз Алатаудың бөктерінен Сарыарқаның қақ төріне қоныс аударғанда ол алғашқылардың бірі болып жаңа байраққа ат басын тіреді. Көптеген мемлекеттердің әскери құжаттарын көз майын тауысып сарыла зерттеп, егемен еліміздің сындарлы әскери доктринасын тұжырымдап, Парламентке ұсынды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Президент аппараты мен Министрлер Кабинеті қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда әскери істе әккі болған талай шенділермен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде қазақ сардарлары саусақпен санағандай аз болатын. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, уәжге мойын ұсынбай, бүйректен сирақ шығаруға тырысып бұра тартушы өзге ұлт өкілдері де болмай қалған жоқ. Қатаң тәртіп ежелден бойына сіңген, ұлтының мүддесі үшін тау қопаруға да сақадай сай полковник Ким Серікбайұлы ондайлардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алып тезге түсірді. Тура бидің туғанына да жақпайтыны сияқты, сондай тұстарда оның бағзы біреулерге ұнамай қалғаны да рас еді.
Іске шорқақ, өресі аласа адамдар, әдетте, жағымпаз, жарамсақ, сөзтасығыш, ішіне шынашақ айналмайтын күншіл келеді. Олар өзінен іскер кісіні қайткенде аяғынан шалуға, тобықтан қағуға жаланып дайын тұрады. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген, міне, сондай көреалмаушылар Ким Серікбаевтың да жолын талай рет кескен сыңайлы. Бірақ табиғатынан діні мығым, анау-мынауға мойымайтын, жасымайтын азамат өзінің білімі мен қайратының, намысқойлығының арқасында алған бетінен таймады, адалдықтан, адамдықтан айнымады. Ол шен қуған жоқ, мансапқа, марапатқа бой ұрған жоқ. Қанағатшыл, тәубешіл болды. Ең жоғары атақ — халықтың құрмет-қошеметі, әділ бағасы деп ұқты, әлі де осылайша ақжарылқап өмір сүріп келеді. Ол Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев атындағы жоғары жалпы әскери-командалық училищенің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бас ғылыми қызметкері, ҚР Министрлер Кабинетінің жанындағы әскери мәселелер бойынша Жоғары аттестациялық комиссияның Бас ғылыми маманы сияқты ірі-ірі лауазымдардың тұтқасын ұстады.
Сол кездегі Оқу министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың:
— Аға, жоғары лауазымдардың біраз қызық-шыжығын көрдіңіз ғой, енді төменгі буынға ойысуға қалай қарайсыз? — деген бірауыз сөзін сыйлап, үш жыл бойы республикалық әскери мектептің тізгінін қолға алды. Қиюы қашып, әбден тұралап қалған оқу орнын аяғынан тік тұрғызды. Мектепке іскер, білікті, ынталы оқытушылар тартты, ғимаратын адам танымастай етіп күрделі жөндетті, оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа жиһаздармен жабдықтады. Сөйтіп, оның басшылығындағы әскери мектеп гүлденіп жаңа сапаға шыға келді. Жоғары орындарға бірнеше мәрте ұсыныс хат жазып, тегеуірінді талап қойып, әскери мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілуіне қол жеткізді. Осы идеяның бастаушысы да, оны орындаушы да өзі болды.
Бауыржантанушы
Бұл азаматты тұңғыш бауыржантанушы деп атауға әбден болады. Ол — аты аңызға айналған батыр ағасының лайықты ізбасары, теледидардан, газет-журналдардан кіші полковниктің үлкен полковник туралы мақалаларын жиі ұшыратуға болады. Талай алқалы жиындарда, әсіресе студенттер мен мектеп оқушылары, жұмысшы жастар алдында Баукең туралы тебірене толғап, тыңдаушыларын ұйытқаны көпшілікке мәлім. Айтушысы ақылды болса, тыңдаушысы дана болады деген, міне, осы. Ким Серікбайұлы тек Бауыржан Момышұлы ғана емес, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры сайыпқыран Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш дивизия қолбасшысы генерал Сабыр Рахимовтың, аты аңызға айналған партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ерліктерін және өзімен бір мектепте оқыған тетелес ағасы генерал- лейтенант Жансен Кереевтің өмірін жас ұрпаққа насихаттаушы.
— Ағаларға адалдық, жасы үлкенге құрмет — оның бойына сіңген қасиет. Күні кеше ғана 98 жасында дүниеден озған көрнекті мемлекет қайраткері майдангер Сұлтан Жиенбаевқа, Министрлер Кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары, республикалық ардагерлер ұйымының тұңғыш жетекшісі, Ұлы Отан соғысының майталманы Шәңгерей Жәнібековке, аталас ағасы, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовке, он сегізінде от кешкен жауынгер Сағындық Кенжебаевқа, аудан бойынша жақындығы әрі ақындығы бар майдангер Леонид Гиршке, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Серік Қирабаевқа інілік ізеттен әсте жаңылған емес.
Ақиқатын айтсақ, оның өзі де ұлағатты ұстаз, жиырмадан аса генералдың тұсауын кескен, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген сұңғыла профессор.Оның парасаттылығы, кемелдігі, білімінің түпсіз тереңдігі, шоқтығының биіктігі менмұндалап дараланып тұрады. Ол жайдақ орындаушы ғана емес, мәселені байыбына барып түбегейлі шешетін, бәтуалы ой айтатын батагөй ақыл қосатын тұғырлы тұлға.Тағы бір қасиеті — ежелгі аңыздағы Антей сияқты туған жерден күш алып, жақұттай жайнап шыға келеді. Ақтөбесі ауызға алынса ішер асын жерге қояды. Кіндік қаны тамған жерді үнемі сағынып аңсайды. Қал-қадірінше жиі-жиі ат басын тіреуге ұмтылады. Ақтөбе облысының әкімі, ұлтымыздың ұстыны, беткеұстар тұғырлы тұлғасы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев жер-жаһанның шартарабында елеулі еңбек етіп жүрген ақтөбелік зиялыларды шақырып, бұрнағы жылы алқалы жиын өткізгенде, осынау маңызды іс-шараның жуан ортасында Серікбаев жүрді. Ол алғашқылардың бірі болып сөз тізгінін қолына алып, сағынып қауышқан жерлестеріне салиқалы ойларын айтып, бүгінде өзі өмір сүріп жатқан әсем Алматының тұрмыс-тіршілігі жайында егжей-тегжейлі баяндап, сындарлы ұсыныстарын ортаға салды. Туған топырақтан нәр алып, Алматыға марқайып, түлеп оралды.
Бүгінде даналық жасқа жеткен ол балдәурен балалық шағын да әсте ұмытпайды. Былтыр ұшқан ұясы — Ақтөбедегі №6 орта мектептің 90 жылдық мерейтойына қатысып, ұжымға әдістемелік құрал-жабдықтар, кітаптар, компьютер сыйлады.
Серікбаев серіліктен де құралақан емес. Әр кез мұнтаздай таза киімі жіптіктей тұлғасына өте жарасымды. Сексен бес белеске шығып, сақал-мұртын ақ қырау шалса да жаратылған сәйгүліктей, тал бойында бір міні жоқ осынау адамның делебесі дуда қозатын жүйріктей шаршы топта қазақша, орысша ән шырқап тыңдаушысын тамсандыратын да өнері бар. Әсем дауысы құлақ құрышын қандырады.
Бұл азаматпен 2007 жылдың қыркүйек айында Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына келгеннен бері тонның ішкі бауындай болып қоян-қолтық араласып кеттік.
Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің он бір төралқа мүшесі бар. Ол басшылықты қолға алғалы жұмыс жаңа серпін алып, керегеміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктей түсті.
Бір ғана мысал, жуырда қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды. Бірінші болып сөз алған Ким Серікбайұлы осынау тарихи, бағдарламалы құжаттың мән-мағынасын тереңнен толғап саралап, талдап, көсіле сөйледі.
Соны пікірлер өрбітті. Күлтеленген жалы бар, желден жүйрік жануар — жылқының отан қорғаушы болғанын, ту ұстап, тұлпар мінген батыр бабаларымыз жылқының арқасында осынау кеңжазира байтақ даланы көз алартқан жаулардан қорғап қалғанын нақты дәлелдермен тиянақтады.
— Судың тұнығын таңдап ішетін, шөптің шүйгінін талдап қоректенетін жылқы өте таза жануар, ол — ақылды, жершіл, иесіне адал, қазақ — жылқы мінезді халық, —деді Серікбаев. Жиналғандар ұйып тыңдап, шешеннің терең пайымдауларына риза болды.
«Төрге шықсаң, есік жақтағыларға қарай отыр» деген де тәмсіл бар. Ким Серікбаев Медеу ауданындағы 25 мыңға тарта зейнеткердің әрқайсысының мұң-мұқтажына зер салып, қолынан келетін көмегін аямайды. Кейбірінің үйлеріне барып, көбіне телефонмен хабарласып, жай-күйін біліп отырады. Жақсыға ісің түссе үзігіңді жалғайды деген осы.
Серуен бастайтын жігіттің жары өзіне сай, керуен бастайтын жігіттің нары өзіне сай болғаны ләзім. Құдай қосып қол ұстасқан жары Раисаның көркі ақылына сай еді. Ұзақ жылдар бойы туған елден жырақта шет жайлап жүргенді нәзік жүрегі көтере алмады ма екен — денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалды. Қазір Ким дімкәс Раисасын баладай мәпелеп, уақытында тамағын беріп, кір-қоңын тазартып, түн ұйқысын төрт бөліп бағып отыр. Бұл екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Әйелсіз шаңырақ — әйнексіз үй екенін санасына сіңірген азамат осындай қиындыққа да төтеп беріп отыр. Бұл да оның адамгершілік қырларының бір парасы.
Біздің кейіпкеріміз сексен бестің белесіне ақыл-ойы кемелденген, іскерлігі шыңдалған, көргені мен білгенін құрыштай қорытқан сергек қалпында жетіп отыр. Бойындағы бүкіл күш-қабілетін алты алаштың игілігіне бағыштаған, жұдырықтай жүрегі ұлтым деп соққан, арына дақ түсірмеген, намысын жанып, арын аялаған ардақты азамат, Ким Серікбайұлы, тоқсанның тоғайына қарай емін-еркін, алшаңдай басып жүре бер! Алдағы уақытта да мерейлі, шуақты күндерің көп болсын! Ағалық тілегім:
Қаз басып қатар жүрміз балапандай,
Жаның жомарт ашылған алақандай.
Ким бауырым, басыңнан бақ таймасын,
Басынан қар кетпейтін Алатаудай!
Хамит БІРЖАНОВ,
Бостандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Алматы қаласы.